«Ұлттық азаматтық қорғау ғылыми-зерттеу орталығы» АҚ қызметкерлері Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілімен бірлесіп, Қытай Халық Республикасының Сычуань өрт қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институтына (SCFRI) ресми сапар жасады.
Аталған институт ҚХР Төтенше жағдайларды басқару министрлігінің тікелей басқаруымен жұмыс істейді және ғимараттардағы, туннельдердегі, метро нысандарындағы және биік құрылыстардағы өрт қауіпсіздігі мәселелерін зерттейтін жетекші ғылыми орталықтардың бірі болып табылады.
Институттың негізгі қызмет бағыттарымен танысу барысында делегация оның заманауи ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын, мамандандырылған зертханаларын және өрт жағдайларын модельдеуге арналған бірегей сынақ кешендерін қарастырды.
Сонымен қатар, институт жанындағы сот-сараптамалық орталықтың қызметіне назар аударылды. Орталық ірі өрттердің шығу себептерін анықтау, заттай дәлелдемелерді зерттеу және өртке байланысты сараптамалық зерттеулер жүргізу бағытында жұмыс істейді.
Сапардың мақсаты — өрт қауіпсіздігі саласындағы халықаралық тәжірибемен танысу, ғылыми-зерттеу бағытындағы ынтымақтастықты дамыту және азаматтық қорғау саласындағы озық технологияларды зерделеу.

